ҚПЛ: «Астана» сырт алаңда «Ертістен» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кейінге қалдырылғанг ХVІІІ турындағы «Ертіс» (Павлодар) - «Астана» кездесуінің нәтижесі белгілі болды.

«Астана» сырт алаңда «Ертістен» басым түсті
Фото: «Астана» футбол клубы

Турнир кестесінде екі команданың да алға қойған мақсаты бар. Павлодарлық клуб Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін күш салып жатса, астаналық ұжым үздік үштіктен көрінуге көңіл бөліп отыр.

Кездесу барысында қарсыластар бір-бірінің қақпасына жылдам гол соғуға тырысқан еді. Соған қарамастан бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Ойынның 50-минутында «Ертіс» қақпасына белгіленген пенальтиден елордалық командадан Бауыржан Исламхан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Астана» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.

Енді бүгін, 14 қазанда Қазақстан уақытымен 19:00-де кейінге қалдырылған ХІV турда «Атырау» - «Елімай» (Семей) кездесу басталады.

Сондай-ақ енді кейінге қалдырылған ХХІІІ тур ойындары 17 және 18 қазан күндері өткізіледі. Алдымен 17 қазанда «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Қызылжар» (Петропавл), «Жетісу» (Талдықорған) - «Қайсар» (Қызылорда), «Тобыл» (Қостанай) - «Жеңіс» (Астана), «Ақтөбе» - «Ордабасы» (Шымкент) кездеседі. Одан кейін 18 қазанда «Алтай» (Өскемен) - «Атырау», «Елімай» (Семей) - «Ұлытау» (Жезқазған), «Астана» - «Каспий» (Ақтау) командалары ойнайды.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Астана» сырт алаңда «Тобылға» есе жіберді.