ҚПЛ: «Астана» сырт алаңда «Ордабасыға» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 16-турында елордалық «Астана» сырт алаңда Шымкенттің «Ордабасы» клубына есе жіберді.

Турнир кестесінде көш басында келе жатқан «Астана» жеті тур бойы жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Сол жеңісті жолын бүгін де жалғастыруға тырысты. Есесіне шымкенттік клуб төрт кездесуде қатарынан жеңістің кілтін таба алмай келеді.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Нәтижесінде бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Ойынның 67-минутында «Ордабасы» сапынан Зикрилло Султаниязов қызыл қағазбен алаңнан қуылды. Соған қарамастан алаң иелері сапынан
Эвертон Мораес 85-минутта гол соғып, өз командасына жеңіс сыйлады.
Осылайша шымкенттік команда қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ бүгін Қостанайдың «Тобылы» көкшетаулық «Оқжетпесті» 2:1, елордалық «Жеңіс» Талдықорғанның «Жетісуын» 3:1 есебімен жеңді.
Айта кетсек, 12 шілдеде Түркістанның «Тұраны» Петропавлдың «Қызылжарына» 1:2 есебімен есе жіберсе, жезқазғандық «Ұлытау» мен Семейдің «Елімайы» 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Бұл турдағы алдын ала өткізілген ойындарда 16 сәуірде алматылық «Қайрат» «Атырауды» 4:0 есебімен жеңсе, 14 мамырда қызылордалық «Қайсар» «Ақтөбеге» 1:2 есебімен есе жіберді.