ҚПЛ: «Астана» сырт алаңда «Жетісудан» жеңіліп қалды
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кеше аталмыш турдағы үш ойын өткізілді. Бүгін қалған үш кездесу өтті.
Қарағандыда жергілікті «Шахтер» Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдады. Бұл кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. Оны 83-минутта қостанайлық Фернандер Кассай орындады. Осылайша «Тобыл» 1:0 есебімен басым түсті.
Талдықорғанда «Жетісу» елордалық «Астана» командасын 2:1 есебімен жеңді. Бұл матчта «Астананың» жартылай қорғаушысы Дорин Ротариу 7-минутта есеп ашса, «Жетісу» сапынан 80-минутта Мартин Тошев, 89-минутта Айбар Жақсылықов бір-бір голдың авторы атанды.
Бұл турды Шымкент қаласында өткен «Ордабасы» мен «Ақтөбе» командалары арасындағы кездесу қорытындылады. Алаң иелері қатарынан 15-минутта Алексей Щеткин өз командасын алға шығарса, 44-минутта тағы бір шымкенттік футболшы Тимур Досмағамбетов есепті үстемелей түсті. «Ақтөбе» ойыншысы Әлішер Ажимов 65-минутта есеп айырмасын қысқартты. Десе де, шымкенттіктер қатарынан Темірлан Ерланов - 71, Кирилл Ковальчук 89-минутта екі гол соқты. Нәтижесінде «Ордабасы» 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Енді 28-тур ойындары 28 және 29 қыркүйек күндеріне жоспарланған. 28 қыркүйекте «Тобыл» мен «Жетісу», «Ертіс» пен «Шахтер», «Астана» мен «Қайсар», келесі күні «Қайрат» пен «Ордабасы», «Атырау» мен «Оқжетпес», «Ақтөбе» мен «Тараз» командалары ойнайды.