ҚПЛ: «Астана» турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІV-туры аясында көкшетаулық «Оқжетпес» пен «Астана» командалары кездесті.

Ішкі біріншілікте «Астана» бас жүлдеге алматылық «Қайратпен» талас жүргізіп келеді. Сондықтан оларға әрбір кездесуде ұпайдан шашау шығармау маңызды. Ал көкшеліктер турнирлік кестенің орта тұсына орнығып, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу мәселесін толықтай шешіп алған.
Чемпиондыққа таласып жатқан елордалық команда төрешінің ысқырығы естіле сала бірден шабуылға көңіл бөліп, жылдам гол соғып алудың амалын іздеді. Ұрымтал сәттердің бірінде айып алаңының ішінде ойын тәртібі бұзылып, бас қазы «Оқжетпес» қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Назми Грипши мүлт кеткен жоқ. Осылайша небәрі ойынның 5-минутында есеп ашылды. Ал екінші гол кездесудің 81-минутында соғылды. Пенальти орындаудың шеберіне айналған Грипши дубль авторы атанып, біріншілікте соққан голдарының санын 15-ке жеткізді.
Матч аяқталар тұста көкшетаулықтар есеп айырмасын қысқартып, бір голмен жауап қайырды.
Нәтижесінде «Астана» қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Айта кетсек, 27 қыркүйекте Жезқазғанның «Ұлытауын» өз алаңында «Атырауға» 1:5 есебімен есе жіберсе, астаналық «Жеңіс» Түркістанның «Тұранын» 6:3, «Ақтөбе» петропавлдық «Қызылжарды» 1:0 есебімен жеңді.
Енді «Елімай» (Семей) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Тобыл» (Қостанай) мен «Қайсар» (Қызылорда) шеберлік байқасады.
Сондай-ақ 5 қазанда «Қайрат» (Алматы) пен «Жетісу» (Талдықорған) ойнайды.