ҚПЛ: «Астана» турнирлік кестеде көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші турындағы алғашқы күнгі нәтижелер белгілі болды. 

ҚПЛ: «Астана» турнирлік кестеде көш бастады
Фото: ҚФФ

Аталған турдың алғашқы ойын күнінде жанкүйерлер «Астана» мен «Ордабасы» (Шымкент) кездесуіне назар аударды.

Елордалық команда биыл бас жүлдеге қол созуды қалайды. Сондықтан әрбір кездесуде ұпай жоғалтпауға күш салып келеді. Ал өткен жылдарда жүлделі орындардан көрініп жүрген «Ордабасы» биыл сәтсіз ойын көрсетіп жүр. Турнир кестесінде соңғы орынды місе тұтқан олар бүгін үш ұпай олжалауға күш салатыны анық еді.

Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. «Астана» сапынан Усман Камара 34, 58-минутта гол соқса, оған 41-минутта шымкенттік клубтан Сұлтанбек Астанов бір голмен жауап қайырды. Осылайша «Астана» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 10 ұпаймен көш басына шықты.

Ал, түркістандық «Тұран» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарынан» 3:2 есебімен басым түсті. Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда көкшетаулық «Оқжетпесті» 1:0 есебімен тізе бүктірсе, талдықорғандық «Жетісу» мен астаналық «Жеңіс» 0:0 есебіне қанағат білдірді.

6 cәуірде «Атырау» мен «Қайрат» (Алматы), «Ақтөбе» мен «Қайсар» (Қызылорда), «Елімай» (Семей) мен «Ұлытау» (Жезқазған) шеберлік байқасады.

Ойындарды «Qazsport» және «Sport Plus Qazaqstan» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Бұған дейін футболдан ел біріншілігінің төртінші тур ойындары өтетінін хабарлаған едік.