ҚПЛ: «Атырау» командасы «Ордабасыдан» жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының жетінші турындағы алғашқы ойын күні мәресіне жетті.

Бүгін, 3 мамырдағы соңғы ойынның бірінде «Атырау» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдады. Қатарынан жеті мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан атыраулық клуб бұл жолы қарсыласына есе жібере қоймас деген үміт болған еді.
Ал биыл біріншілікті сәтсіз бастаған шымкенттік клуб бұған дейін екі мәрте жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Сол сәттілік сериясын бүгін де жалғастырды.
Кездесу барысында олардың қатарынан Сергей Малый 37, Сұлтанбек Астанов 52-минутта гол соқса, оған атыраулық клубтан Мирам Сапанов 89-минутта бір голмен жауап қайырды. Осылайша «Атырау» қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.
Сондай-ақ «Тұран» (Түркістан) мен «Жетісу» (Талдықорған) 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Ал сырт алаңда алматылық «Қайрат» жезқазғандық «Ұлытауды» 4:1 есебімен жеңсе, «Ақтөбе» елордалық «Жеңісті» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді 4 мамырда «Қайсар» (Қызылорда) мен «Астана», «Елімай» (Семей) мен «Оқжетпес» (Көкшетау), «Тобыл» (Қостанай) мен «Қызылжар» (Петропавл) шеберлік байқасады.