ҚПЛ: «Атырау» сәттілік сериясын жалғастыра ала ма

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХХ туры басталады.

футбол
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Бүгін, 9 тамызда сағат 17:00-де «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Жетісу» (Талдықорған), «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Қызылжар» (Петропавл) шеберлік байқасады,

Ал «Атырау» мен «Тұран» (Түркістан) жасыл алаңға шығады.

Жанкүйерлер аталған кездесуге қызығушылық танытып отыр. Көш соңында келе жатқан қос команданың қайсысы жеңімпаз атана алады? Соңғы екі ойында төрт ұпай олжалаған атыраулық клуб сол сәттілік сериясын жалғастыра ма?

Сондай-ақ 10 тамызда 18:00-де «Елімай» (Семей) мен «Ақтөбе», 20:00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент) ойнайды.

Аталған турдағы «Тобыл» (Қостанай) мен «Астана» кездесуі 19 қыркүйекке шегерілді. Бұл шешім елордалық клубтың еурокубок ойындарына қатысуына байланысты қабылданып отыр.

Алдын ала өткізілген ойында елордалық «Жеңіс» Алматының «Қайратына» 1:2 есебімен жол берді.

Айта кетсек, қазір көш басында 43 ұпаймен «Қайрат» командаcы келеді. Одан кейінгі орындардағы «Астананың» 40, «Тобылдың» 38 ұпайы бар.

Сұрмергендер көшінде Назми Грипши («Астана») мен Дәурен Жұмат («Оқжетпес») 9 голмен көш бастап тұрса, одан кейінгі орындардағы Дастан Сәтпаев («Қайрат») пен Марин Томасов («Астана») 8 гол соғып үлгерді.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Бірінші лигада «Шахтер» «Екібастұзды» ірі есеппен жеңді.

 

Соңғы жаңалықтар