ҚПЛ: Дастан Сәтпаев «Қайрат» сапында дубль жасап, командасын жеңіске жетеледі
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші турында жергілікті «Атырау» мен алматылық «Қайрат» командасы кездесті.

Алғашқы кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Есесіне екінші кезең басталған сәтте ойын тізгінін алматылық клуб қолға ұстады.
Қазақстанның жас жұлдызы Дастан Сәтпаев бұл ойында шеберлігімен көзге түсті. Алдымен 51-минутта гол соқса, одан кейін 54-минутта басымдықты арттыра түсті.
Жас шабуылшы биылғы маусымда үш гол соғып үлгерді. Сұрмергендер көшінде екінші орында келеді. Алдында төрт голмен «Астана» ойыншысы Марин Томасов тұр.
«Атырау» сапынан 57-минутта Цветелин Чунчуков есіп айырмасын қысқартса, одан кейін алматылық клубтан Юг Станоев 71, Жоржиньо 79-минутта тағы екі гол соқты. Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде он ұпаймен көш басына шықты.
Аталған турдағы тағы бір кездесуде «Ақтөбе» өз алаңында қызылордалық «Қайсардан» дәл сондай есеппен басым түсті.
Ал 5 сәуірде «Астана» командасы «Ордабасыны» 2:1, «Тұран» «Қызылжарды» 3:2, «Тобыл» «Оқжетпесті» 1:0 есебімен тізе бүктірсе, талдықорғандық «Жетісу» мен астаналық «Жеңіс» 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Дәл қазір «Елімай» (Семей) мен «Ұлытау» (Жезқазған) кездесуінің бірінші кезеңі аяқталды. Әзірге семейлік клуб 1:0 есебімен алда келеді.