ҚПЛ: «Елімай» мен «Астана» тең тарқасты

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының VI турындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

ҚПЛ: «Елімай» мен «Астана» тең тарқасты
Фото: «Астана» футбол клубы

Бұл турда жанкүйерлер «Елімай» (Семей) мен «Астана» кездесуіне ерекше қызығушылық білдірді. Ойын бастала сала елордалық командадан Марин Томасов небәрі 18-секундта гол соқты. Осылайша ол ел біріншілігі тарихында жылдам гол соғу жөнінен ол алғашқы үштікке енді.

Бұл жөнінен рекорд әзірге қазақстандық шабуылшы Жасұлан Молдақараевтың еншісіне жазылған. Шабуылшы 2017 жылдың 22 қазанында қостанайлық «Тобыл» сапында Көкшетаудың «Оқжетпес» командасына небәрі 10-секундта гол соққан еді. Сондай-ақ 2015 жылы «Ордабасы» сапынан Александр Гейнрих, 2017 жылы «Окжетпес» футболшысы Сергей Шафф 18 секундта гол соққан.

Дегенмен 5-минутта «Елімай» футболшысы Әділбек Жұмаханов таразы басын теңестірсе, Фессу Плакка 27-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Ойынның 47-минутында «Астананың» жас футболшысы Мақсат Абраев қақпаны алыстан дәл көздеді. Кездесудің қалған уақытында таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Қазірге дейін өткен тағы бір кездесуде павлодарлық «Ертіс» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуына» 1:2 есебімен есе жіберді.

Дәл қазір «Қайрат» (Алматы) пен «Каспий» (Ақтау), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Оқжетпес» (Көкшетау) арасындағы ойында өтіп жатыр.

Екінші ойын күні, 19 сәуірде 15:00-де «Ұлытау» (Жезқазған) - «Тобыл» (Қостанай), 16:00-де «Атырау» - «Қызылжар» (Петропавл), 17:00-де «Жеңіс» (Астана) - «Ақтөбе»,19:00-де «Қайсар» (Қызылорда) - «Алтай» (Өскемен) шеберлік байқасады. 

Бұған дейін бүгін Қазақстан Премьер-лигасының VI тур ойындары басталатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар