ҚПЛ: «Елімай» сәтсіздік сериясын тоқтатып, бесінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Қазақстан Премьер-лигасында ХV турының алғашқы ойын күні аяқталды.
Өткен екі турда жеңілістің ащы дәмін татып, турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алған семейлік «Елімай» бұл жолы Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады. Кездесу барысында семейлік клуб ойын тізгінін өз қолында ұстауға тырысты. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде «Елімай» капитаны Рамазан Оразов пенальтиден 61-минутта есеп ашса, 80-минутта оның әріптесі Фессу Плакка 80-минутта мергендік танытты.
Осылайша семейлік футболшылар қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 23 ұпаймен бесінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ бүгін өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпес» Алматының «Қайратқа» 1:3 есебімен есе жіберсе, талдықорғандық «Жетісу» «Ақтөбені» 1:0, ақтаулық «Каспий» «Атырауды» 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал 28 маусымда «Ертіс» (Павлодар) - «Қайсар» (Қызылорда), «Тобыл» (Қостанай) - «Алтай» (Өскемен), «Ұлытау» (Жезқазған) - «Ордабасы» (Шымкент), «Жеңіс» (Астана) - «Астана» кездесуі болады.