ҚПЛ: «Елімай» турнир кестесінде көш басына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының VII турында екі ойынның нәтижесі белгілі болды. 

футбол
Фото: Наталья Зинченко \ Kazinform

Аталған турда Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында Түркістанның «Тұранын» қабылдады.

Петропавлдық команда соңғы екі ойынның бірінде тең түсіп, бірінде жеңіліс тапты. Сондықтан бүгінгі кездесуде олар жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді. Ойын барысында түркістандық клуб сапынан Александр Соколенко 56-минутта есеп ашса, Никола Кукчич 71-минутта пенальти орындай алған жоқ. Дегенмен ойындағы жалғыз гол «Тұран» футболшыларына жеңіске жетуге жеткілікті болды. Осылайша «Қызылжар» қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.

Айта кетсек, петропавлдық клуб қатарынан үшінші мәрте жеңіске жете алмай келеді. 

Тағы бір кездесуде Семейдің «Елімайы» сырт алаңда Астананың «Жеңісін» 2:1 есебімен жеңді. Ойында семейлік клубтан Квентин Корнет 61, Юрий Перцух 77-минутта мергендік танытты. Оған «Жеңіс» сапынан Ильяса Зулфуи 93-минутта бір голмен жауап қайырды.

Бұл жеңістен кейін «Елімай» турнир кестесінде көш басына шықты.

Енді 16:30-дa «Қайрат» (Алматы) мен «Атырау», «Тобыл» (Қостанай) мен «Жетісу» (Талдықорған) ойнаса, 19.00-де «Ақтөбе» мен «Астана» жасыл алаңға шығады.
Аталған турды 5 мамырда 19:00-де «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қайсар» (Қызылорда) түйіндейді. 

Соңғы жаңалықтар