ҚПЛ: «Қайрат» бас жүлдеге таласты жалғастырады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасы ХХVІ турындағы алматылық «Қайрат» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуынан» басым түсті.
Алматылық команда биыл бас жүлдеге қол созуды алдына мақсат етіп отыр. Қазір турнир кестесінде басты қарсыласы - Шымкенттің «Ордабасы» командасынан төрт ұпай қалып тұр.
Сондықтан олар әрбір кездесуде үш ұпайдан шашау шығармауға тырысып келеді.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгерген жоқ. Алматылық клуб сапынан Марку Гуаль 87-минутта соққан гол ойын тағдырын шешті.
Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, бас жүлдеге таласты жалғастыра түсті.
Сондай-ақ «Елімай» (Семей) өз алаңында «Ақтөбеге» 1:3, Павлодардың «Ертісі» Петропавлдың «Қызылжарына» 0:2 есебімен есе жіберсе, Қостанайдың «Тобылы» елордалық «Астананы» 2::1 есебімен қапы қалдырды.
Алғашқы ойын күнін «Жеңіс» (Астана) - «Атырау» кездесуі түйіндейді.
Ал 11 қазан 15:00-де «Ұлытау» (Жезқазған) - «Оқжетпес» (Көкшетау), 16:00-де «Каспий» (Ақтау) - «Алтай» (Өскемен), 19:00-де «Қайсар» (Қызылорда) - «Ордабасы» (Шымкент) ойнайды.
Футболдан Қазақстан чемпионатының соңғы туры 31 қазан күні өткізіледі.