ҚПЛ: «Қайрат» пен «Астана» арасын үш ұпай ғана бөліп тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 тамызда футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің екінші айналымы мәресіне жетіп, еліміздің үш қаласында 22-тур ойындары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы ойын Петропавл қаласында болды. Мұнда жергілікті «Қызылжар» Алматының «Қайрат» командасын қабылдады. Бұл кездесуде қонақтар басымдық көрсетті. Оңтүстік астана футболшылары қатарынан Адеринсола Эсеола 15-минутта есеп ашқан еді. «Қызылжар» сапынан Шота Григалашвили 17-минутта пенальти соғып, таразы басын теңестірді. Бірінші кезең дәл осы есеппен аяқталды. «Қайрат» екінші кезеңде тағы екі гол соғып, өздеріне қажетті үш ұпайды олжалап кетті. Есеп 3:1. «Қайрат» биылғы біріншіліктегі 16-жеңісіне жетті. Нәтижесінде турнир кестесінде «Астанаға» ұпай саны жөнінен жақындай түсті. Қазір «Астана» мен «Қайрат» арасын небәрі үш ұпай ғана бөліп тұр.
Атырау қаласында жергілікті «Атырау» турнир кестесінде қатарлас тұрған «Ертісті» қабылдады. Биыл қос клуб та жанкүйер сенімінен шыға алмай келеді. «Атырау» бүгінгі күнге дейін көш соңында жүрген еді. Білікті бапкер Виктор Кумыков тізгінді ұстағалы бері жеңіске жету жолын іздеп келеді. Осының нәтижесінде 38-минутта Марат Хайруллин пенальтиден есеп ашса, екінші кезең бастала салысымен, 46-минутта Аденидже Бабатунде есепті үстемелей түсті. Есеп 2:0. «Атырау» осылайша соңғы төрт турдың үшеуінде жеңіске жетіп отыр. Олар турнир кестесінде ең соңғы орыннан тоғызыншы орынға көтерілді.
Қарағандыда «Шахтер» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубы арасындағы кездесуде есеп ашылған жоқ. Кеншілер үстіміздегі жылы жинақы ойынымен көзге түсе алмай келеді. Турнир кестесінде 11-орында тұруы соның айқын дәлелі. Алдыңғы орындарда келе жатқанымен «Ордабасы» да ала-құла ойынымен ойнап жүр. Бүгінгі ойын 0:0 есебімен тең аяқталды.
Сондай-ақ, дәл осы турда кеше, 11 тамызда өз алаңында «Ақтөбе» «Қайсардан» 3:1, «Тобыл» «Жетісудан» 1:0 есебімен басым түсті. «Ақжайық» пен «Астана» арасындағы кездесу 23 мамырда өткізіліп, онда оралдықтар 3:0 есебімен жеңіске жеткен еді.