ҚПЛ: «Қайрат» турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі 13-турының алғашқы екі ойынының нәтижесі белгілі болды.

Екі кездесудің бірінде алматылық «Қайрат» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады.
Ойын барысында алматылық команда жылдам гол соғуға тырысты. Алғашқы минуттан шабуылға шыққан олар бірінші кезеңде дегеніне жете алған жоқ. Ойынның 31-минутында петропавлдық клубтан Тоқтар Жаңғылышбай тәртіп бұзуына байланысты қызыл қағаз алды.
Екінші кезеңде «Қайрат» негізінен шабуылға көбірек көңіл бөлді. Нәтижесінде олардың қатарынан 74-минутта Валерий Громыко өз командасын алға шығарды.
Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Тағы бір ойында елордалық «Жеңіс» өз алаңында «Атырау» командасын қабылдады. Кездесу барысында олардың қатарынан 62- минутта Иван Шараванья мергендік танытса, 92-минутта Асхат Балтабеков көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Кездесу барысында «Жеңіс» қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктіріп, қатарынан екінші мәрте жеңіске жетті.
Енді «Елімай» (Семей) мен «Тұран» (Түркістан), «Тобыл» (Қостанай) мен «Жетісу» (Талдықорған), 20:30–да «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Ордабасы» (Шымкент) шеберлік байқасады.
Ал 22 маусымда «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ұлытау» (Жезқазған), «Ақтөбе» мен «Астана» жасыл алаңға шығады.