ҚПЛ: «Қайрат» турнир кестесінде көш басына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХІХ турының бірінші ойын күні мәресіне жетті.

Бұл күні алматылық «Қайрат» өз алаңында Жезқазғанның «Ұлытауын» қабылдады.
Оңтүстік астана клубы қазір Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіне шықты. Сондықтан бүгінгі кездесуге негізінен жастарға үміт артты. Соған қарамастан ойын барысында олар шабуылға көбірек көңіл бөлді. Нәтижесінде 41-минутта олардың қатарынан Эдмилсон ойын тағдырын шешкен жалғыз голды салды.
Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 43 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.
Тағы бір ойында қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарын» 2:0 есебімен қапы қалдырды.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Елімай» (Семей) 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ 3 тамызда 20:00–де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Атырау», «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан), «Ақтөбе» мен «Жеңіс» (Астана) ойнайды.
Аталған турдағы «Астана» мен «Қайсар» (Қызылорда) кездесуі белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Бұл шешім елордалық клубтың еурокубок ойындарына қатысуына байланысты қабылданып отыр.