ҚПЛ: «Қайрат» жаңа бапкерімен алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Қайрат
Фото: Қайрат ФК

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының VII турында жергілікті «Қайрат» командасы өз алаңында «Атыраудан» басым түсті. 

Алматылық клуб соңғы үш турда жеңіске жете алмай келді. Алдымен «Жетісумен» 1:1 есебімен тең түссе, одан кейін «Ақтөбеден» 1:3, «Қайсардан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Бұл сәтсіздіктен кейін команданың бас бапкері Кирилл Кекер қызметімен қош айтысқан болатын. Оның орнына уақытша міндетін атқарушы болып Рафаэль Уразбахтин тағайындалған еді.

Бүгінгі кездесу барысында алматылық клуб жылдам гол соғуға тырысты. Дегенмен бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Екінші кезеңнің 51-минутында «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Еркебұлан Сейдахмет мергендік танытып, өз командасын есепте алға шығарды.

Үш ойынға созылған сәтсіздіктер сериясын тоқтатқан «Қайрат» қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. 

Ал, Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл кездесуде жалғыз голды Годберг Купер 7-минутта өзінің еншісіне жазды. 

Енді 19.00-де «Ақтөбе» мен «Астана» жасыл алаңға шығады.

Сондай-ақ бүгін, 4 мамырда «Елімай» «Жеңістен» 2:1, «Тұран» «Қызылжардан» 1:0 есебімен басым түсті. 

Аталған турды 5 мамырда 19:00-де «Шахтер» мен «Қайсар» түйіндейді. 

Соңғы жаңалықтар
telegram