ҚПЛ: «Оқжетпес» «Ордабасыдан» ойсырай жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 13-тур ойындары болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын «Атырау» мен «Тараз» командалары арасында өтті. Бұл кездесу Көкшетау қаласында болды. Себебі, Атырау қаласындағы стадион әзірге ойындар өткізуге дайын емес. Сондықтан «Атырау» өз алаңындағы ойындарында командаларды басқа қалаларда қабылдауға мәжбүр. Бүгінгі кездесуде алдымен тараздық Элгуджа Лобжанидзе 66-минутта есеп ашқан еді. Оған 81-минутта Барко Бьедов жауап қайырды. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын қабылдады. Бұл кездесуде алаң иелері басымдық танытты. Алғашқы кезеңде «Оқжетпес» қақпасына үш гол соғылды. Ойынның 5-минутында шымкенттік футболшы Жоао Паоло есеп ашса, 14 және 38-минутта Тоқтар Жаңғылышбай есепті үстемелей түсті. Екінші кезеңде гол соғылған жоқ. «Ордабасы» аталмыш қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Дәл қазір еліміздің төрт қаласында ойындар өтіп жатыр. Бірінші кезеңнен кейін «Астана» «Жетісудан», «Тобыл» «Шахтерден» 1:0 есебімен басым түсуде. Ал «Қайсар» мен «Ертіс», «Қайрат» пен «Ақтөбе» командалары арасындағы кездесуде әзірге есеп ашылған жоқ.

Соңғы жаңалықтар