ҚПЛ: «Ордабасы» қатарынан алтыншы мәрте жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Қазақстан Премьер-лигасында ХV турының екінші ойын күніндегі үш кездесудің нәтижесі белгілі болды.

«Ордабасы» футбол клубы
Фото: «Ордабасы» футбол клубы

Бұл күнгі ойында қызылордалық «Ертіс» (Павлодар) - «Қайсар» (Қызылорда) кездесуінен басталды.

Кездесу барысында павлодарлық клубтан Жан Марел По 15-минутта есеп ашқан еді. Оған 44-минутта қызылордалық клубтан Никола Цуцкич бір голмен жауап қайырды.

Ал 65-минутта «Қайсар» сапынан Стефан Букорац соққан гол командасына жеңіс алып келді.

Осылайша қызылордалық клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

Тағы бір кездесуде шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытауын» 1:0 есебімен жеңді.

Кездесу тағдырын шымкенттік клубтан Берн Йонсен соққан жалғыз гол шешті. Осылайша олар қатарынан алтыншы мәрте жеңіске жетті.

Ал қостанайлық «Тобыл» өз алаңында Өскеменнің «Алтайын» тізе бүктірді.

Кездесу барысында қостанайлық клубтан Асхат Тағыберген 14-минутта пенальтиден есеп ашса, 18-минутта өскемендік командадан Никола Ямбор таразы басын теңестіріп кетті.

Ал қостанайлық клубтан Луис Герра 73, Амин Талал 80-минутта екі гол соғып, өз командасына жеңіс сыйлады.

Нәтижесінде «Тобыл» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Елімай» сәтсіздік сериясын тоқтатып, бесінші орынға көтерілді.