ҚПЛ: «Ордабасы» «Оқжетпестен» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы алтыншы турында Көкшетаудың «Оқжетпесінен» басым түскен шымкенттік «Ордабасы» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.

ҚПЛ: «Ордабасы» «Оқжетпестен» басым түсті
Фото: «Ордабасы» футбол клубы

Шымкенттік команда биыл құрамын біршама күшейтті. Тәжірибелі футболшылар аталған клубтың жеңіске жетуіне күш салып келеді. Десе де ойын барысында оларға көкшетаулық футболшылар лайықты қарсылық көрсете білді.

Ойынның 65-минутында шымкенттік клубтан Сергей Малый есеп ашса, оған «Оқжетпес» сапынан Де Ассунсау Леонарду 91-минутта бір голмен жауап қайырды.

Ал «Ордабасы» футболшысы Мағжан Тоқтыбай 94-минутта мергендік танытып, ойынның нүктесін қойды.

Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.

Айта кетсек, бұған дейін «Елімай» (Семей) — «Астана» 2:2 есебіне қанағат білдірсе, павлодарлық «Ертіс» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуына» 1:2 есебімен есе жіберді.

Сондай-ақ алматылық «Қайрат» өз алаңында Ақтаудың «Каспийінен» 2:0 есебімен басым түсті.

Енді екінші ойын күні, 19 сәуірде 15:00–де «Ұлытау» (Жезқазған) — «Тобыл» (Қостанай), 16:00–де «Атырау» — «Қызылжар» (Петропавл), 17:00–де «Жеңіс» (Астана) — «Ақтөбе», 19:00–де «Қайсар» (Қызылорда) — «Алтай» (Өскемен) шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар