ҚПЛ: «Ордабасы» өз алаңында «Жеңіспен» тең түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІV турының алғашқы ойын күні мәресіне жетті.
Бұл күнгі матчтарды «Ордабасы» (Шымкент) — «Жеңіс» (Астана) кездесуі түйіндеді.
Кездесу барысында жеңіске жеткен жағдайда шымкенттік команда бір тур бұрын чемпиондық атаққа қол жеткізетін еді. Дегенмен астаналық клуб оған мүмкіндік берген жоқ.
Алғашқы кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші кезеңде 46-минутта «Ордабасы» қорғаушысы Гай Марселин Килама өз қақпасына гол соғып алды.
Ойынның 70-минутында шымкенттік клубтан Эльхан Астанов таразы басын теңестірді.
Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді. «Ордабасы» үшін чемпиондық атақтың тағдыры соңғы турда шешіледі.
Айта кетсек, бұл турда бүгін өз алаңында петропавлдық «Қызылжар» Жезқазғанның «Ұлытауын» 1:0, Көкшетаудың «Оқжетпесі» Ақтаудың «Каспийін» 3:0 есебімен қапы қалдырса, «Жетісу» (Талдықорған) - «Тобыл» (Қостанай) 1:1 есебіне қанағат білдірді
Енді ертең, 25 қазанда 15:00-де «Алтай» (Өскемен) - «Елімай» (Семей), 16:00-де «Атырау» - «Ертіс» (Павлодар), 18:00-де «Ақтөбе» - «Қайрат» (Алматы) шеберлік байқасады.
Бұл турды 19:00-де «Астана» - «Қайсар» (Қызылорда) командалары түйіндейді.