ҚПЛ: «Тобыл» мен «Жеңіс» тең нәтижеге қанағат білдірді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 14-турында қостанайлық «Тобыл» және елордалық «Жеңіс» тең ойнады. 

Тобыл
Фото: QFL (Qazaqstan Football League)

Кездесу барысында астаналық футболшылар бірден шабуылға лап қойды. Ойынның 15-минутында «Жеңіс» сапынан Адильо есеп ашса, Әділ Аслан 32-минутта басымдықты арттырды. 
Одан кейін қостанайлық клуб тізгінді қолына алып, шабуылға көбірек көңіл бөлді. Олардың қатарынан Николай Сигневич 41-минутта есеп айырмасын қысқартты. Ал 76-минутта Ислам Чесноков пенальтиден таразы басын теңестірді. Командалар осылайша 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ тағы бір кездесуде «Ақтөбе» сырт алаңда түркістандық «Тұранды» 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Енді 20:00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Елімай» (Семей), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайрат» (Алматы), «Астана» мен «Қызылжар» (Петропавл) шеберлік байқасады.

Аталған турда кеше, 28 маусымда «Атырау» мен «Оқжетпес» (Көкшетау) 0:0 есебімен тең түссе, жезқазғандық «Ұлытау» Талдықорғанның «Жетісуына» 1:2 есебімен есе жіберді.

Соңғы жаңалықтар