ҚПЛ: «Тобыл» командасы көш басына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 16-тур ойындары өтіп жатыр. Дәл қазір екі ойын мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көкшетауда жергілікті «Оқжетпес» командасы «Атырау» командасымен кездесті. Бұл ойында алаң иелері басым ойнады. Бірінші кезең аяқталар тұста Таңат Нөсербаев пенальтиден есеп ашты. Ал 62-минутта Данило Алвес есепті ұлғайтса, алаң иелері қатарынан 86-минутта Санат Жұмаханов қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Оқжетпес» аталмыш қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Талдықорғанда «Жетісу» Қостанайдың «Тобылымен» шеберлік байқасты. Бұл кездесуде қостанайлық клуб алғашқы болып есеп ашты. Оны Фернандер Кассай 32-минутта орындады. Кездесуде қостанайлықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. «Тобыл» бдан кейін жеке-дара көш басына шықты.
Дәл қазір Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен Қызылорданың «Қайсар» клубтары арасындағы кездесудің бірінші кезеңі аяқталды. Ойынның 37-минутында Куле Мвомба есеп ашса, 40 минутта шымкенттік Тоқтар Жаңғылышбай таразы басын теңестірді. Есеп әзірге 1:1.
Сондай-ақ, Қарағандыда «Шахтер» клубы мен «Тараз» арасындағы кездесудің де бірінші кезеңі аяқталды. Бұл кездесуде алаң иелері сапынан Оралхан Өміртаев 15-минутта есеп ашты. Бірінші кезеңнен кейін осы есеп сақталып тұр.
Бүгін тағы екі кездесу өткізіледі. Аталмыш турды «Ақтөбе» мен «Ертіс», «Астана» мен «Қайрат» командалары түйіндейді. Бұл кездесулер Нұр-Сұлтан уақытымен 19.00-де басталды.
Ал 17-тур ойындары 5 және 6 шілде күндері күндері өткізіледі. 5 шілдеде «Тобыл» мен «Астана», «Қайрат» пен «Ордабасы», 6 шілдеде «Тараз» бен «Ақтөбе», «Қайсар» мен «Шахтер», «Ертіс» пен «Оқжетпес», «Атырау» мен «Жетісу» командалары кездеседі.