ҚПЛ: «Тобыл» «Жетісумен» тең түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі 28-турының екі ойыны өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы кездесу Павлодар қаласында өтті. Жергілікті «Ертіс» Қарағандының «Шахтер» командасымен шеберлік байқасты. Ойын қарағандылық футболшылар үшін сәтті басталған еді. Бірінші кезеңнің 15 және 36-минуттарында «Шахтер» шабуылшысы Кизито Лувага екі голдың авторы атанды.

Екінші кезеңде алаң иелері жинақы ойын көрсетті. Нәтижесінде қарсыластар қақпасына төрт гол соқты. Ойынның 66-минутында Деян Георгиевич есеп айырмасын қысқартса, 68-минутта Жереми Манзорро таразы басын теңестірді. Ал 89-минутта Жереми Манзорро командасын алға шығарса, 90-минутта Руслан Мингазов қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Ертіс» 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Тағы бір кездесу Қостанай қаласында болып өтті. Турнир кестесінде көш басында келе жатқан жергілікті «Тобыл» бүгін Талдықорғанның «Жетісу» командасымен шеберлік байқасты. Қостанайлық клуб жеті ойын қатарынан жеңіліп көрген жоқ. Оның алтауында қарсыластарынан басым түсіп, тек біреуінде ғана тең нәтижеге қанағат білдірді. «Тобыл» биыл бас жүлдеден үміткер команданың бірі саналады. Сондықтан бүгін олар тек жеңіс үшін ойнайтыны белгілі болатын. Дегенмен оларға талдықорғандық футболшылар лайықты қарсылық көрсетті. Кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды.

Аталмыш турдағы қалған ойындар 29 қыркүйек күні өткізіледі. Бұл күні «Астана» мен «Қайсар», «Қайрат» пен «Ордабасы», «Атырау» мен «Оқжетпес», «Ақтөбе» мен «Тараз» командалары ойнайды.

Ал 29-тур ойындары 5, 6 және 30 қазан күндері өткізіледі. Алдымен 5 қазанда «Оқжетпес» пен «Тараз», «Қайрат» және «Ақтөбе», «Жетісу» мен «Ертіс», 6 қазанда «Ордабасы» мен «Астана» командалары кездеседі. Бұл турдағы «Қайсар» мен «Тобыл», «Шахтер» мен «Атырау» арасындағы кездесу 30 қазанға ауыстырылды. Өйткені, 6 қазан күні Қазақстан кубогының финалында «Қайсар» мен «Атырау» командалары шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар