ҚПЛ: «Ұлытау» мен «Елімай» ұпай бөлісті
АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 16-турындағы алғашқы ойынның нәтижесі белгілі болды.

Бұл турда жезқазғғандық «Ұлытау» өз алаңында Семейдің «Елімайын» қабылдады.
Биыл біріншілікте ала-құла ойынымен көрініп жүрген жезқазғандық команда бұл жолы жеңіске жетуге күш салды. Кездесу барысында олар «Елімайға» қарсы жиі шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде алғашқы болып есеп ашты. Жақында команда құрамына қосылған жапониялық футболшы Киш Котаро 40-минутта Қазақстан чемпионатындағы алғашқы голын соқты.
Десе де «Ұлытау» кездесу соңына дейін сол басымдығын сақтап тұра алған жоқ. Ойынның 86-минутында «Елімай» сапынан Иван Свиридов пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Енді аталған турда бүгін 20:00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Қызылжар» (Петропавл) жасыл алаңға шығады.
Ал 13 шілдеде 18:00-де «Жеңіс» (Астана) пен «Жетісу» (Талдықорған), «Тобыл» (Қостанай) мен «Оқжетпес» (Көкшетау), 20:00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Астана» ойнайды.
Бұған дейін ел біріншілігінің ХV тур ойындары өтетінін жазған едік.