ҚПЛ: «Ұлытау» өз алаңында «Ақтөбеден» басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің кейінге қалдырылған ХVІІІ-турындағы соңғы ойын өткізілді.
Бұл кездесуде «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Ақтөбе» шеберлік байқасты. Матч барысында командалар жылдам гол соғуға тырысты. Ойынның 6-минутында жезқазғандық Георгий Бугулов қарсылас қақпасынан саңылау тауып кетті. Оған 45-минутта ақтөбелік клубтан Жайро Жан бір голмен жауап қайырды. Ал 74-минутта «Ұлытау» сапынан Бағдат Данияров жеңіс голын соқты.
Осылайша жезқазғандық команда қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.
Аталған турда 25 шілдеде «Жеңіс» (Астана) пен «Оқжетпес» (Көкшетау) 0:0 есебіне қанағат білдірді. Бұл турдағы 30 сәуірде алдын ала өткізілген ойында «Атырау» өз алаңында «Астанаға» 0:2 есебімен жол берген еді.
Сондай-ақ 26 шілдеде алматылық «Қайрат» сырт алаңда Қостанайдың «Тобылын» 3:1, өз алаңында семейлік «Елімай» Талдықорғанның «Жетісуын» 3:0, қызылордалық «Қайсар» Петропавлдың «Қызылжарын» 1:0, шымкенттік «Ордабасы» Түркістанның «Тұранын» 4:0 есебімен жеңді.
Енді 22 қыркүйекте «Қайрат» (Алматы) мен «Жеңіс» (Астана) кейінге қалдырылған 20-тур ойынын өктізеді.