ҚПЛ: «Жеңіс» жеңісті сериясын жалғастырды

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХVI-турында елордалық «Жеңіс» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» сүріндірді.

ҚПЛ: «Жеңіс» жеңісті сериясын жалғастырды
Фото: Kffleague.kz

Астаналық команда біріншілікті сәтсіз бастады. Көп ойында жеңіске жете алған жоқ. Десе кейінгі турда оларға сәттілік жолдас болып жүр. Соңғы бес турдың төртеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең нәтижеге қанағат білдірді.

Астаналық футболшылар бүгінгі ойында талдықорғандық команданың қорғанысын жиі мазалап, әлісін-әлсін сериялы шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде олардың қақпасына үш гол соқты. Бұл голдарды Аслан Әділ 31, Дінмұхамед Қараман 41, Ардақ Сәулет 61-минутта өзінің еншісіне жазды. Оған «Жетісу» сапынан 68-минутта Жансұлтан Мұхаметханов бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Жеңіс» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 20 ұпаймен 8-орынға көтерілді.

Тағы бір кездесуде Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпесті» 2:1 есебімен жеңді. Ойын барысында қостанайлық клубтан Жаслан Жұмашев 64, 72-минутта екі гол соқса, 43-минутта көкшетаулық футболшы Дәурен Жұмат пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Бұл турды «Ордабасы» (Шымкент) мен «Астана» кездесуі түйіндейді. Аталған ойында әзірге есеп - 0:0.

Айта кетсек, 12 шілдеде Түркістанның «Тұраны» Петропавлдың «Қызылжарына» 1:2 есебімен есе жіберсе, жезқазғандық «Ұлытау» мен Семейдің «Елімайы» 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Бұл турдағы алдын ала өткізілген ойындарда 16 сәуірде алматылық «Қайрат» «Атырауды» 4:0 есебімен жеңсе, 14 мамырда қызылордалық «Қайсар» «Ақтөбеге» 1:2 есебімен есе жіберді.

Соңғы жаңалықтар