ҚПЛ: «Жетісу» өз алаңында «Қайсардан» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кейінге қалдырылған ХХІІІ турында «Жетісу» (Талдықорған) — «Қайсар» (Қызылорда) кездесуінің нәтижесі белгілі болды.

ҚПЛ: «Жетісу» өз алаңында «Қайсардан» басым түсті
Фото: «Жетісу» ФК

Екі команда турнир кестесінде төменгі орындарда келеді. Олардың алдында Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу міндеті тұрған еді. 

Кездесу барысында қызылордалық команда жылдам гол соғып үлгерді. Ойынның 11-минутында олардың қатарынан Виктор Мозес мергендік танытты.

Одан кейін талдықорғандық клубтың белсенділігі байқалды. Алаң иелері сапынан Шоқан Абзалов 71-минутта таразы басын теңестірсе, Нұрбол Нұрберген 76-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша, «Жетісу» қарсыласынан 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде жағдайын жақсарта түсті.

Дәл қазір «Тобыл» (Қостанай) — «Жеңіс» (Астана) кездесуі өтіп жатыр.

Ал 19:00–де «Ақтөбе» — «Ордабасы» (Шымкент) жасыл алаңға шығады.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Оқжетпес» «Қызылжарды» жеңіп, төртінші орынға көтерілді.

Сондай-ақ 18 қазанда 15:00–де «Алтай» (Өскемен) — «Атырау», 16:00–де «Елімай» (Семей) — «Ұлытау» (Жезқазған), 18:00-де «Қайрат» (Алматы) — «Ертіс» (Павлодар), 19:00–де «Астана» — «Каспий» (Ақтау) шеберлік байқасады.