ҚПЛ: «Жетісу» турнир кестесінде көш басына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының VIII туры «Тұран» (Түркістан) мен «Жетісу» (Талдықорған) арасындағы ойынмен басталды. 

футбол
Фото: Наталья Зинченко \ Kazinform

Шымкентте өткен ойынды қос команда алма-кезекше шабуылмен бастады. Тартысқа толы кездесуде талдықорғандық футболшылар сенімді ойын өрнегін көрсетті. 

Матчтың 14-минутында талдықорғандық клуб сапынан Данияр Үсенов мергендігімен көзге түсті. Оған «Тұран» сапынан Лонардо Вака 23-минутта жауап қайырды. Ойынның 47-минутында қонақ команданың ойыншысы Әділхан Добай гол соғып, есепті 1:2-ге жеткізсе, 74-минутта Дінмұахмед Қараман осы ойындағы маңызды голдың бірін соқты. Ал, 94-минутта түркістандық ұжым қатарынан Аслудин Хаджиев көзге түскенімен, ол таразы басын теңестіруге жеткіліксіз болды.

Осылайша қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірген «Жетісу» біріншіліктегі төртінші жеңісіне қол жеткізді. Нәтижесінде турнир кестесінде 13 ұпаймен көш басына шықты. 

Енді 12 мамырда аталған турда «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақтөбе», «Елімай» (Семей) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Жеңіс» (Астана) мен «Қайрат» (Алматы), «Астана» мен «Қайсар» (Қызылорда), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай) кездеседі.

Соңғы жаңалықтар