14:37, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚР Әділет министрлігі «Еуропаға жол» бағдарламасы аясында Еуроодақ елдерімен ынтымақтастықты арттыра түседі
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Әділет министрлігі «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Евуроодақ мемлекеттерімен ынтымақтастықты жандандыра түсетін болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрі Зағипа Бәлиеваның Қазақстанда тіркелген Дипломатиялық миссия басшыларымен ресми емес кездесуі барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еуропаға жол» 2009-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама 2008 жылғы тамыздың 29-ында ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген болатын. Бұндай ауқымды бағдарламаның қабылдануы еліміздің ішкі дамуындағы өзекті мәселелерді шешу, еуропалық бағыттағы ұлттық басымдықтарды енгізу, еуропалық ықпалдастық пен институциональды-құқықтық реформа тәжірибесіне бейімделу, технологиялық, энергетикалық, көліктік, сауда, мәдени байланыстарды тереңдету үшін маңызды болып табылады. Сонымен бірге, аталған бағдарламаның басты мақсаттарының бірі Қазақстанды алдыңғы қатарлы еуропа елдерімен стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізу болып отыр.
Сонымен бірге, Қазақстан мен ЕО елдерінің әділет пен құқық саласындағы ынтымақтастық мәселесі бірнеше мәрте халықаралық басқосуларда талқыланған болатын. Нәтижесінде, еуропа мемлекеттерімен ведомствоаралық келісімдер жасалып, сол арқылы әділет органдары қызметін жетілдіру мен үлгілендіру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру секілді бірлескен жобалар жүзеге асқан болатын.
Кездесу барысында Қазақстанның Әділет министрлігі ведомствоаралық ынтымақтастық аясында «Еуропаға жол» бағдарламасында көрсетілген бірқатар міндеттерді жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Атап айтқанда, бұл бағытта заң шығармашылығын жетілдіруде еуропалық тәжірибелер зерделенетін болады. Заңнама шығармашылығы тұрғысында оңтайлы тәжірибелерді үйрену мен енгізу көзделеді.
Еуроодақ әділет органдарымен тығыз ынтымақтастық орнату «Еуропаға жол» бағдарламасындағы басты міндеттерді жемісті жүзеге асыруға септігін тигізетін болады.