ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің жаңа ережесінде 50-ден артық бап Қылмыстық Кодекске ауыстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Көліктегі ІІД бастығы полиция полковнигі Ахан Қажкеновтың төрағалығымен 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің жаңа ережелері талқыланды.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің жаңа ережесінде 50-ден артық бап Қылмыстық Кодекске ауыстырылды

Семинар-кеңеске Бас көлік прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Руслан Платонов, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аға прокуроры Арман Қайыров, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Басқарма бастығы полиция подполковнигі Алексей Милюк және департаменттің желілік бөліністерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметінен.

«Біз Қазақстан Республикасының басқа да кодекстері тәрізді қолданысқа енгізілетін жаңа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің нормаларын күнделікті қызметте қолдану мәселелерін талқылау үшін жиналдық. Жаңа Әкімшілік Кодексте өзгерістер көп, бұл қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын-алуға септігін тигізеді. Алдағы уақытта Кодекс ережелеріндегі өзгерістерді жүзеге асырып, жаңа заң талаптарына сай қызмет етуге дайын болуымыз керек», - деді полиция полковнигі Ахан Саттыбайұлы.

Жиын барысында Бас көлік прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Руслан Евгеньевич талқыланып жатқан Әкімшілік Кодекстің ережелеріндегі өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, жаңа Әкімшілік Кодексте 60-тан астам мемлекеттік органдар әкімшілік өндіріс материалдары бойынша шешім қабылдауға уәкілетті. Сондай-ақ 1700-ден аса әкімшілік құқық бұзушылық құрамы қарастырылған. Онда қолданыстағы Кодекстен 50-ден артық бап ҚР Қылмыстық Кодексіне қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыстырылған.

Кодекстердің қайтадан әзірленген нұсқасында қылмыстар, оқиғалар туралы өтініштерді, хабарламаларды, шағымдарды және өзге де ақпаратты, қылмыстық істерді, оларды тергеу және прокурорлық қадағалау нәтижелерін бірыңғай, соның ішінде электрондық форматта карточкалық есепке алу көзделген. Кеңесте осы мәселелер жан-жақты талқыланды.

Жиын соңында Көліктегі ІІД бастығы полиция полковнигі А. Қажкенов желілік бөліністердің басшыларына жергілікті жерлерде жеке құрамның арасында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің жаңа ережелері бойынша арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.