ҚР АШМ өкілдерінің өңірлердегі ветеринар мамандардың біліктілігіне көңілі толмай отыр

«Өткен жылы қауіпті індеттердің таралу себебіне жасалған талдау нәтижесі орталық пен өңір арасында үйлестіру шараларының жоқтығын анықтады. Проблеманы шешу үшін министрлік тарапынан бірқатар шаралар қабылданды. 2016 жылы әкімдіктермен бірге қадамдық іс-қимылдардың ережесі бекітіліп, аталған тәжірибе ағымдағы жылы да жалғасуда.
Жоспарларда қабылданатын шаралардың нақтылығын күшейту мәселесі қамтылып отыр, осы ретте бірінші кезекте вакциналауға, сәйкестендіру мен диагностикалық зерттеулерге ерекше мән берілді.
Өзара іс-қимылдың осы қадамдары тиісті нәтижелерді беріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылмен салыстырғанда, жануарлар мен адамдардың бруцеллезге шалдығуы 40 пайызға төмендеді. Бұған зерттеу жұмыстарының мерзімінде орындалуын қатаң бақылауға алу мен ауру жануарларды уақытылы анықтау шаралары ықпал етті. Нәтижесінде, індетті қайта жұқтыру жағдайларына тосқауыл қойылып отыр»,-деді Айтуғанов Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелерімен кездесу барысында.
Сонымен қатар ол жүргізілген талдау барысында жергілікті жерлерде ветеринар мамандардың біліктілігінің төмен екендігін атап өтті. Сондықтан министрлік аудандық ветеринарлық зертханалардың бос ғимараттарын осы саланың мамандарына оқыту семинарларын өткізу мақсатында пайдалану шараларын қарастырып жатқан көрінеді.