ҚР АШМ СҚО-ға жеткізілген індетті ірі қараның шығынын шетелдік компаниядан өтеу ұстанымына бекем - апталық шолу

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан осы аптада негізінен еліміздің ауыл шаруашылығы саласы жұртшылық тарапынан ерекше назарда болды.
None
None

Атап айтқанда, Австриядан Қазақстанға жеткізілген 722 бас ірі қараның індеті мен Павлодар облысындағы малдың қырылуы мәселесіне қатысты ҚР АШМ басшылығы егжей-тегжейлі жауап беруге тырысты. Сонымен қатар, аптаның сейсенбісінде өткен Үкімет отырысында АШМ басшысы Асылжан Мамытбеков Министрлер Кабинетінің алдында 2013-2020 жылдарға арналған АӨК-ны дамыту салалық бағдарламасының жобасын таныстырды. Ең алдымен осы құжаттың жобасына тоқталатын болсақ, жалпы 8 жылда Қазақстанда АӨК-ны дамыту бойынша бағдарламаны жүзеге асыруға 3122,2 млрд. теңге қажеттілік етеді екен. 2014-2015 жылдары қаржы тапшылығы 196,9 млрд. теңгені құрайды екен. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылы - 106,2 млрд. теңге, ал 2015 жылы 90,7 млрд. теңге керек болмақ.

А.Мамытбековтің айтуынша, бағдарламаны қаржыландырудың басым бөлігін (74 пайызын) тауарлар мен қызметке экономикалық қолжетімділікті арттыру шаралары қамтып отыр. Ал бюджеттің 13 пайызы Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қамтамасыз етуді дамытуға бөлінетін болады. Қалған 12 пайызы қаржылық оңалтуға жұмсалмақ. Бағдарламаға сәйкес, 2020 жылы субсидиялау көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге артатын болады.

Бұрын қабылданған бағдарламаға қарағанда жаңа бағдарламада АӨК субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасауға баса назар аударылғандығын баса айтқан министр: «Осылайша, отандық өндірушілер Кеден одағы және алдағы ДСҰ-ға кіру шеңберіндегі бәсекелестік күресте қажетті мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіледі», - дейді.

Белгілі болғандай, оны іске асырудың нәтижесінде Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеке өндіру көлемдерін 1,5 есе арттыру, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамға еңбек өндіргіштігін 3 есе жоғарылату, агроөнеркәсіп кешенінің өнімін өткізуден экспорттық табысты 20 пайызға арттыру, негізгі тамақ өнімдері бойынша азық-түлік қауіпсіздігін ішкі нарықтың 80 пайызы деңгейінде қамтамасыз ету, салаға 10 трлн. теңгеден астам жеке ақшалай қаражат тарту сынды макроэкономикалық тиімділіктерге қол жеткізілмек. Министрлер кабинеті жаңа бағдарламаны бірауыздан мақұлдағаннан кейін сөз алған Үкімет басшысы Серік Ахметов ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір айдың ішінде бағдарламаның әрбір бағыты бойынша нақты мақсатты индикаторлар жетістіктері мен жылдық көрсеткіштері көрсетілген шеберлік жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Үкімет отырысы аяқталысымен ҚР АШМ басшысы А. Мамытбековке қояр сауалдар баршылық екені қаумалаған тілшілер қауымының қарасынан белгілі болды. Оны сезген ведомство басшысы туындаған барлық сұрақтарға асықпай жауап бере бастады. Министр әуелі Австриядан жеткізілген малдың індетіне қатысты айтып берді. «Малды әкелмес бұрын сол елдің ветеринарлық қызметі арнайы сертификат берген. Бірақ, ол жұмысты тексере келе, ветеринарлық сертификат беру кезінде тиісті сараптамалар жасалмай, қол қойылғандығы анықталды. Оны Австрияның ветеринарлық қызметі мойындап отыр», - деді министр. Оның атап өтуінше, соңғы 2 жылдың ішінде елімізге 35 мыңға жуық ірі қара мал әкелінді. Ал, мұндай үлкен проблема алғаш рет орын алуда. Дегенмен, Қазақстан шетелден ірі қара мал әкелу жұмыстарын одан әрі жалғастыра беретін болады. Бірақ, Австриядан мал әкелуге шектеу қойылды.

Тағы бір атап өтетін жайт, қазір аталған ірі қара мал карантинде тұрған көрінеді, ал келісім-шартқа сәйкес, карантиннен шық­­қан­ша, ол сиырлар жеткізуші компания­ның мен­шігі болып табылады. Осы орайда мал австрия­лық, сондай-ақ оларды жеткізуші венгриялық компа­ния болғандықтан мал басына кеткен шығынды өтеу осыларға тиесілі.

Еске сала кетейік, аптаның басында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева өткізген брифингте ҚР АШМ бойында дерті бар ірі қараға байланысты Австрияның ветеринарлық қызметін айыпты деп санайтынын аңғартты. Оның сөзіне қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілген 722 бас ірі қара Австрияның 400-ге жуық фермерлік шаруашылықтарынан жиналып елімізге тасымалданған. Соның ішінде аталған шаруашылықтардың бір бөлігі ірі қара малдың вирустық диареясы бойынша белгілі болған.

Австриядан Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілген 722 бас ірі қара малдың арасында вирустық диарея, Шмалленберг ауруы және инфекциялық ринотрахеит секілді қауіпті індеттердің вирустары бар жануарлар анықталғаны айтылды.

Г. Исаеваның сөзінше, материалдар зерттеу үшін Халықаралық эпизоотикалық бюроның референт-зертханаларына жеткізілген. Олар өз кезегінде қазақстандық ветеринарлар қойған диагнозды құптаған екен. Анықталған диагнозға байланысты ҚР Үкіметінің Қаулысына сай Австриядан әкелінген барлық мал төлімен бірге жойылатын болып шешілді.

Қоғамды толғандырған тағы бір мәселе - ол Павлодар облысында қырылған малға қатысты болды. Бұл тұрғыда министр мырза Павлодар облысында жұттан қырылды деген малдың жартысының ғана өлексесі табылғанын тілге тиек етті. «Жалпы айтқанда, жұт деп отырғанымыз екі ғана шаруашылықта орын алған. Олардың мәлім еткен - 535 малдың қырылу дерегі анықталған жоқ. Табылғаны 250-ге ғана жуық. Қалған малдың тұяғы да, сүйегі де жоқ. Сондықтан да бұл жерде бұрмалаушылық бар деп ойлаймын», - деді А. Мамытбеков.

Оның атап өтуінше, аталған екі шаруашылықта қысқа қажетті жем-шөп дайындалмаған. Сондықтан мұны жұт деп айтуға келмейді. Сондай-ақ белгілі болғаны аталған шаруашылықтарда басқа да адамдардың малы болған. Ал олардың қайда кеткендігін алдағы уақытта құқық қорғау органдары анықтайтын болады.

Қазғарыш ғарыш аппараттарын басқарудың резервтік жерүсті кешенін іске қосуды жоспарлауда

Бұл аптада министрліктер мен ведомстволардың өткен жылдың қорытындысы мен биылдағы мақсат-міндеттеріне арналған жыл сайынғы дәстүрлі алқа мәжілістерін өткізу жалғасын тапты. Осы орайда Ұлттық ғарыш агенттігінің алқа отырысында ведомство басшысы Талғат Мұсабаев стратегиялық маңызы бар саладағы мән-жаймен таныстырды. «Қазіргі уақытта пайдалануға қабылданған «Қазсат - 2» ғарыш аппараты штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Спутниктік ресурстарды жалға беру қызметтері Қазақстанда 9 ұялы байланыс операторына көрсетіледі», - дейді ол.

Агенттік басшысының атап өтуінше, қазіргі уақытта «Қазсат - 3» ғарыш аппаратын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы облысының Іле ауданындағы ғарыш аппараттарын басқарудың резервтік жерүсті кешені мен байланыс мониторингі жүйесін іске қосу жоспарланып отырғандығын жайып салды.

Атап айтқанда, жерді қашықтан зондылаудың ғарыштық жүйесін құру жоспары бойынша жоғары және орта рұқсаттағы ғарыш аппараттары компоненттерін дайындау, ғарыш жүйесін жобалау кезеңдері аяқталды.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта жерді қашықтан зондылаудың ғарыштық жүйесінің жерүсті сегменттерін жасау жөніндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 45 қазақстандық маман Франциядан жобалау, құрастыру және сынау бойынша 2 жылдық машықтанудан өтіп жатқан сыңайлы.

«Бұған қоса жоба бойынша шешілмеген проблемалар бар. «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ пен оның субмердігер ұйымы «Атриум САЗ» айналымына салынатын қосымша құн салығынан босату мәселесін шешу қажет», - дейді Т.Мұсабаев.

Ұлттық ғарыш агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетовтің мәліметінше, Ресей «Протон» зымырантасығыштарын ұшыруды кезең-кезеңімен азайтады.

«Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесе пайдалану жөніне келер болсақ, 2004 жылғы Қазақстан мен Ресей басшыларының арасында қол қойылған аталмыш ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалдау туралы келісімдердің мүлтіксіз орындалатындығын ресми түрде атап өткім келеді. Екі ел тек ғарыш саласында ғана емес, сонымен қатар барлық салада одақтас әрі стратегиялық әріптес болып табылады. Сондықтан ғарыш саласындағы барлық мәселелер жұмыс барысында РФ Үкімет басшысының орынбасары Игорь Шувалов екеуіміз басқаратын үкіметаралық комиссияның шеңберінде қарастырылады», - деп атап өтті Қ. Келімбетов.

Белгілі болғандай, Қазақстанның экологиялық ахуалына кері әсерін тигізетін жоғары токсинді жанармай түрлерін пайдаланатын зымырандарды ұшыруды азайту мәселелері қарастырылып жатыр. Келісімге сай Ресей жағы Қазақстандағы экологиялық ахуалға кері әсер ететін «Протон» зымырантасығыштарын ұшыруды кезең-кезеңімен азайтуға ықыласын білдірді.

«Ал біз өз тарапымыздан Ұлттық мүддені қорғай отырып, стратегиялық әріптеске деген сыйластықты және қол жеткізілген келісімдерді ұмытпауымыз қажет», - деп түйді вице-премьер.

Соңғы жаңалықтар