ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ақтөбенің Қопа ауылында сауалнама жүргізді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Ақтөбе облысы Қопа ауылына барып, мектепте сауалнама жүргізді. Биллинг, балалар арасындағы төбелестің алдын алу үшін атқарылуы тиіс бірнеше жұмыс жайын бөлісті.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Instagram желісіндегі парақшасында Қопа ауылына барып, оқушылармен кездескенін хабарлады. Онда оқушы өлімі мен мектептегі қазіргі ахуалды бағамдады.
«Мұнда барлық қызметтің жұмысын қарап шықтым. Психолог, әлеуметтік қызметкер мен жасөспірім істері жөніндегі инспектор жұмысын бағамдап, прокурормен бірге оқушылар арасында сауалнама жүргізілді. Сонымен бірге психологтың былтыр алған сауалнама қорытындысына мән бердім. Мектепте үлкендер өзінен кішілерді «тәрбиелейді» деген «жүйе» бар екені анықталды. Сонымен бірге бопсалаудың белгілері бар өзге де мәселе жайы белгілі болды. Мұның бәрін аудан әкіміне, мектеп басшылығы мен жергілікті полиция қызметіне бердім. Себебі алғашқы кездесуде олар мұның бәрін жоққа шығанған еді», - деп жазды ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева. Оның айтуынша, жасыру проблеманың себебін анықтап, жеке дара қиындықтарды еңсеруге кедергі келтіреді.
Айта кетейік, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен, Ақтөбе облысының прокуроры Халидулла Дауешовпен кездескен. Динара Закиева буллинг пен жасөспірімдер арасындағы қылмыс еліміздің барлық өңірінде өзекті, алдын алу үшін кешенді жұмыс істеу керек екенін атап өтті. Әрі бірнеше жолын ұсынды.
«Мектепке жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторды қайтару керек. Бұрын әр мектепте инспектор болды және ол өз нәтижесін берді. Кейін барлық инспекторларды учаскелік полиция қызметіне ауыстырды. Қопа ауылы кіретін Темір ауданында 27 мектепте 3 жасөспірімдер істері жөніндегі инспектор бар. Әр ауылға бару үшін шамамен 2-3 сағат керек. Облыста 430 мектеп бар, онда небәрі 60 инспектор бар. Бұл мектептегі жағдай туралы толыққанды ақпарат алуға кедергі келтіреді және балалар арасындағы құқықбұзушылықтың көбеюіне әкеледі. Психологтар мен оқушылардан жедел ақпарат алып, ішкі тергеу жүргізу және тез арада шара қолдану үшін инспектор мектепте болуы тиіс», - деп жазды Динара Закиева.
Сонымен бірге бала құқықын қорғау жұмыстары әлсіз екенін, Білім басқармаларындағы бөлімді бөлу бағытында жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Бұл Бала құқықтарын қорғау департаменті болуы мүмкін. Әлеуметтік педагогтар да осы департаментте қызмет етсе, мектеп, мектеп директорының қандай да бір оқыс оқиғаны жасырып қалу дерегі азаятынын жазды.
«Қамқоршылық органы қызметкерлерінің санын 1 маманға 5 мың бала деп заң аясында бекіту қажет. Қазір қалаларда 450 балаға 5 қызметкерден келеді. Демек 1 маманға 90 мың бала. Бұл бағыттағы жұмысты мен былтыр желтоқсаннан бері Балалардың құқығын қорғау комитетімен және депутат Ю.Кучинскиймен бірге атқарылып келемін. Түзету қазір Үкімет қарауында», - деп жазды ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Оның айтуынша, буллинг пен мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. Буллингке қарсы KiVA бағдарламасы іске қосылды. Пилоттық жоба еліміздегі 110 мектепке енгізілген. Бара-бара барлық мектепте болады. 111 байланыс орталығы да жұмыс істеп тұр.
Еске салсақ, Темір ауданы Қопа ауылында оқушылар төбелесіп, 9 сынып оқушысы көз жұмды. Бірден жұмыс тобы құрылды. Үш оқушы күдікке ілігіп, қамауға алынды.