ҚР Бас прокуроры Германияның еліміздегі елшісі Гидо Херцпен кездесті
«Кездесу барысында өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі мәселелері қозғалды. Қазақстанның Бас прокуроры екі жақты қарым-қатынастың даму деңгейіне қанағаттанатынын жеткізді. Ол өзара құқықтық көмек аясында биылғы жылы Қазақстан ГФР-ға одан әрі жазасын өтеу үшін Вюрцбург қаласының соты құптаған Талдықорған қалалық сотының үкімімен сотталған қылмыскерді бергенін хабарлады», - делінген ҚР Бас прокуратурасының баспасөз ақпаратында.
Ведомствоның атап өтуінше, А.Дауылбаев Қазақстанның прокуратура органдары неміс әріптестерімен лаңкестікке, экстремизмге, киберқылмысқа қарсы күрес, заңсыз жолмен, сыбайлас жемқорлықпен тапқан табысын жылыстатуға қарсы әрекет ету саласында барынша тығыз қарым-қатынас орнатуға дайын екенін атап өткен. Осыған орай ол екі елдің құқықтық жүйесін дамыту тәжірибесімен алмасу үшін екі жақты қарым-қатынасты жетілдіру, оқу семинарларын ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады.
Тараптар екі елдің құқықтық көмек көрсету туралы шартқа қол қою жөніндегі жұмыстарын жалғастыруға ниеттерін білдірді. Сондай-ақ қылмысты анықтау мен тергеудегі озық технологиялармен алмасу, оқу курстарын, тренингтер, семинарлар ұйымдастыру, әдістемелік және ақпараттық-талдау материалдарымен алмасу саласында өзара іс-әрекетті кеңейтуге уағдаласты.
Елші жылы қошемет және мазмұнды ақпарат алғанына ризашылығын білдіріп, келешекте жемісті ынтымақтастықтың жалғаса беретініне сенім білдірді.