ҚР Бас прокуроры мажарстандық әріптестерімен кездесті

Тараптар саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, ведомство басшылары Қазақстан мен Мажарстанның халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде ниеттестігін және бірлігін атап өтті.
Кездесу барысында құқықтық саладағы ынтымақтастықтың басым бағыттары, атап айтқанда, қылмысқа, терроризмге, экстремизмге, киберқылмысқа, есірткі тасымалына қарсы күрес, тәжірибе және ақпарат алмасу мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Мажарстан Бас прокуратурасының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды», - делінген ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінде.
Атап айтқанда, екі елдің құқық қорғау органдары арасында өзара тиімді ынтымақтастықтың тәжірибесі қалыптасып, қазіргі таңда жаңа деңгейге шығып келеді. Өткен жылы ұстап беру туралы, сотталған адамдарды беру туралы екіжақты шарттар жасалды. Сондай-ақ, бүгін Үкімет үйінде Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы мемлекетаралық шартқа қол қою рәсімі өтті. Осылайша, Мажарстан Қазақстанмен қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы ынтымақтастық үшін толық құқықтық негіз құрған тағы бір ел атанды.
Қазақстанның Бас прокуроры шартқа қол қою қазақстандық-мажарлық құқықтық ынтымақтастықты кеңейтудегі, қылмысқа қарсы күресте күш біріктірудегі, сондай-ақ жаһандану жағдайындағы қауіп-қатерлердің алдын-алудағы тиісті шаралар дайындауда айтулы оқиға болып отырғанын баса айтты.
Кездесу барысында тараптар құқықтық ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге мүдделілік танытты.
Айта кетейік, Мажарстанның ведомство басшылары бұл елдің Премьер-Министрі Виктор Орбанның Астанаға сапарлаған делегациясы құрамында бірге келді.