ҚР БҒМ балабақша салып жатқан бизнесмендерді ынталандыруға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР БҒМ елімізде балабақшалар құрылысына бизнесмендерді ынталандырудың шараларын даярлады. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің Республикалық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.
«Бүгінгі тамыз кеңесі баршамыз үшін өте ерекше. Тәуелсіздік алған жылдары білім саласы бірталай табыстарға қол жеткізді. Үлкен және маңызды жұмыстар атқарылды. 450 мемлекеттік балабақша салынды. Сонымен қатар жекеменшік балабақшалар саны 10 есе өсіп, яғни 2200-ге дейін жетті. Бұл жеке инвестицияның 100 миллиард теңге қаржысы. «Балапан» бағдарламасының арқасында 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 2,5 есеге өсіп, 82 пайызды құрады. Биыл бірінші рет балабақшаларда 400 мың орынға мемлекеттік тапсырысқа қаржы бөлінді», - деп тоқталды министр.
Сонымен қатар ол «Балапан» бағдарламасының арқасында жеке сектор жоғары белсенділік танытып отырғанына алғысын айтты.
«Биыл біз жаңадан 30 мың орынға қосымша 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлуді сұрадық, яғни бұл негізінен жеке секторда салынғандар. Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы (ҚР вице-премьері), осы ретте бізге қолдау жасауыңызды сұраймыз. Қазір біз балабақшаларды ашуға қаржы салған кәсіпкерлерге мемлекеттік тапсырысты 1 жылға емес, одан көп мерзімге ұсыну бойынша мәселені зерттеудеміз», - деді Е. Сағадиев.
Оның пайымынша, бұл мемлекеттік шара балабақшаларды ашуға жеке инвестицияларды ынталандыра түсуге мүмкіндік береді.