ҚР делегациясы Миланда «ЭКСПО-2015 Милан» компаниясы дирекциясының басшылығымен кездесті

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - 11 наурызда Миланда ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нурлан Қаппаров бастаған Қазақстан делегациясының «ЭКСПО-2015 Милан» компаниясының атқарушы директоры Джузеппе Саламен және Милан қаласы әкімдігінің басшылығымен кездесулері өтті.
None
None

Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Делегация құрамында ҚР СІМ Жауапты хатшысы, Халықаралық мамандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев, "ЭКСПО-2017 Астана" Ұлттық компаниясы" АҚ Президенті Талғат Ермегияев және ҚР Италиядағы Елшісі А.Елемесов болды. Кездесулер барысында қазақстандық тарап Италияның Үкіметіне ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесін Астанада өткізуде Қазақстан кандидатурасын қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, италияндық компанияларды іс-шараны дайындауға белсенді түрде қатысуға шақырды. Астанада өтетін көрме баламалы энергетиканы құру мен қолдануға үлкен үлес қосады, ең үздік әлемдік технологияларды кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді және энергетикалық тиімді бағдарламалар мен жаңа шешімдерді ілгерілетуге көмектеседі деп атап өтілді. Қазақстанда италияндық компаниялар баламалы энергетика, құрылыс пен туризм салаларында ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау мен өткізуге белсенді түрде қатысады деп күтуде.

Өз кезегінде Джузеппе Сала Астананың ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу орны болып сайлануын қуана қарсы алып, алдағы әлемдік деңгейдегі іс-шара Астананың ғана емес, сондай-ақ Орталық Азиядағы мойындалған көшбасшысы - Қазақстанның да дамуына қосымша серпін береді деп атап өтті. Ол италиян тарапы ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау мен өткізуде қажетті көмек көрсетеді деп сендіріп, Миланда өтетін ЭКСПО-2015-тің тақырыбы «Планета үшін тағам, өмір сүруге қуат» қазақстандық көрменің тақырыбымен үндес екендігіне назар аударды.

Жалпы, өткен келіссөздер барысында тараптар Миландағы ЭКСПО-2015 және Астанадағы ЭКСПО-2017 дайындаудағы қызметті үйлестіру жөнінде бірлесіп жұмыс жасау қажеттілігімен келісті. Өзекті мазмұнды және ұйымдастырушылық мәселелер жөнінде ақпаратты жедел түрде алмасу мақсатында, екі елдің көрмелерді дайындаумен айналысатын мемлекеттік органдары мен ұлттық компаниялары арасында тұрақты байланыстарды жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Сапар барысында қазақстандық делегация ЭКСПО-2015-тің құрылыс алаңымен танысты. Италиян үкіметі Миландағы ЭКСПО-ны дайындауға 13,2 млрд. еуро бөлді. 14 млрд. еуродан кем емес тікелей инвестиция жасалуы күтілуде. Көрме өтетін күндері Милан 20 млн. қонақ келеді деп күтуде. Әлемдік көрме Миланның айналасындағы аудандарда - Ро мен Перо өтеді. Көрменің жалпы алаңы 110 гектарды құрайды. Арнайы әлемдік көрме үшін Expo Village жаңа тұрғын қалашығы, бірқатар жаңа қонақ үйлер мен ірі кемпинг құрылады. Қатысушы-елдердің павильондары 4 категорияға (A, B, C және D) бөлінген. Бірқатар үйлер мен ғимараттар, соның ішінде ресми рәсімдер мен қабылдаулар өтетін Италияның Сарайы, мәдени іс-шараларды өткізуге арналған 24 мың көрерменге арналған арена, 8 мың көрерменге арналған амфитеатр құрылысы жоспарлануда. Көрме Милан мен Ломбардия үшін ғана емес, жалпы ел үшін ең ірі оқиға болады және Италияның түгелдей солтүстік-батысының экономикалық дамуына қосымша серпін береді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар