18:43, 07 Мамыр 2009 | GMT +5
ҚР Денсаулық сақтау жүйесіне 6 000-дай дәрігер жетіспейді
АҚТӨБЕ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - «Бүгінде ҚР денсаулық сақтау жүйесінде мамандар жетіспеушілігі байқалады, бұл әсіресе алыс ауылдарда қатты сезіліп отыр, қазіргі есеп бойынша 6 000-нан астам дәрігерлік орын бос тұр», - осы және басқа да мәселелер жөнінде республикалық медициналық форумда жасаған баяндамасында Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Садықов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Болат Садықовтың айтуына қарағанда, бүгінде республика бойынша 48 мың дәрігер және 115 мың медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Мемлекет басшысының Жолдауы мен Жол картасын жүзеге асыру мақсатында медицина қызметкерлерін қайта оқыту және оларды емдеу мекемелерінде жұмысқа қайта тартуды ұйымдастыру жөнінде үлкен жұмыстар атқарылмақ.«Мамандарды қайта оқыту үшін 685 млн. теңге бөлінді, жыл соңына дейін денсаулық сақтау жүйесіне 1,5 мың дәрігер мен 2,5 мың медицина қызметкері қайтып оралады деп жоспарлап отырмыз», - дейді Болат Садықов.«Жақсылық Досқалиев басшылық етіп отырған Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа командасы халыққа қалтқысыз қызмет көрсетудің нақты бағытына көшті. Мәселен, Шымкентте өткен мәжілісте Мемлекет басшысы көтерген ана мен баланың денсаулығын сақтау мәселесі алайық. Республикада ана мен баланың өлімін азайту жөнінде штаб құрылды, босанғандарды, шетінеген сәбилер мен өлген аналарды күнделікті мониторинг жасау енгізілді. Күн сайын кешкілік сағат 17-де денсаулық сақтау министрлігіне, тіпті алыс ауылдардың өзінен де ақпараттар түседі», - дейді ол.Болат Садықовтың айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау жүйесін дамытудың жаңа құрылымы жасалған, 2010-1011 жылдары келешекте атқарылатын жұмыс бағыттарын жасақтау жүргізілуде.