ҚР ДСӘДМ қазақстандықтарға кене шаққан жағдайда медициналық ұйымдарға жүгінуді ұсынады

ҚР Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, елімізде жыл басынан бастап КҚГҚ-мен сырқаттанудың 8 жағдайы (ОҚО - 4, Жамбыл облысы - 3, Қызылорда облысы - 1), оның ішінде өлімге әкелген 2 жағдай (Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) тіркелді.
Эпидемиологиялық кезеңде медициналық ұйымдардың жоғарыда аталған өңірлерде КҚГҚ диагнозы бар пациенттерді қабылдау дайындығы қамтамасыз етілді (вирусқа қарсы препараттар, дәрі-дәрмектер, қан, зарарсыздандыру және қорғаныс плазмалары қоры жасалды). Медициналық қызметкерлер КҚГҚ-ны диагностикалау, емдеу мен алдын алу бойынша оқытылды. Медициналық қызметкерлер халық арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді.
Конго-қырым геморрагиялық қызбасы - өлім көрсеткіші жоғары жіті жұқпалы вирустық ауру. Ол безгек, ағзаның улануы, терідегі және ішкі ағзалардағы қан құйылумен сипатталады. Инкубациялық кезең 1 күннен 14 күнге дейін созылады (көп жағдайда 2-7 күн).
Адам аталған ауруды жұқтырған кене арқылы; ауру жұқтырған малды кенеден қолмен тазалау және қырқу кезінде вирусы бар материал тері мен шырышты қабыққа түскен жағдайда; ауруды жұқтырған малдың етін мүшелегенде; сырқаттанған адамдарға медициналық көмек көрсету және оған күтім жасаған кезде жұқтырады.
Бүгінгі таңда әлемде адамдар арасында кеңінен қолдануға тұрарлық қауіпсіз әрі тиімді вакцина жоқ. Малдарды егуге арналған вакциналар да жоқ.
Адамдар арасында КҚГҚ-ның алдын алудың бірден бір тәсілі-қауіп-қатер факторлары мен ауруды жұқтырып алмау үшін қолданылатын шаралар туралы халықтың хабардарлығын арттыру; кенелерді тез табуға көмектесетін мейлінше ашық түсті қорғаныс киімдерін киіп жүру (жеңі ұзын, балағы ұзын шалбарлар); кенелерді жою үшін рұқсат етілген химиялық заттарды және тері мен киімдерге арналған репелленттерді қолдану; киімдерді үнемі тексеріп отыру, кене табылған жағдайда қауіпсіз тәсілдермен жою; жануарлар бөлмелерінде кенеге қарсы күрес жүргізу; кене көп орналасқан аймақтарға олар белсенді болатын мерзімде жиі бармауға тырысу; эндемиялық аймақтарда жануарлармен және олардың терісімен жұмыс істеу барысында, әсіресе үй жағдайында мал сою, оны мүшелеу, жарамсыз малдарды шығару кезінде қолғап, өзге де қорғаныс киімдерін кию; КҚГҚ-мен сырқаттанған адамдармен жақын физикалық байланыста болмау; сырқаттанған адамдарға күтім жасағанда қолғап және қорғаныс киімдерін кию, оларға барғаннан кейін қолды жуу.