ҚР ДСМ Ақтөбедегі 3 адамның өлімінен кейін «Актовегин» дәрісін қолданыстан алып тастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбедегі 3 әйелдің өліміне себепкер болуы мүмкін деген болжаммен «Актовегин» препаратын қолданыстан алып тастады, деп хабарлайды 24.kz.
«ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Руслан Нұрмұхановтың 9 сәуірдегі бұйрығымен "Никомед Австрия ГмбХ" өнімі болып табылатын «Актовегин» дәрісінің медициналық қолданысы тоқтатылды», - делінген хабарламада.
Құжатқа сәйкес, бұған Ақтөбе облысы бойынша Комитет департаментінен түскен хат себеп болды. Онда аталған дәрінің адамға кері әсері туралы айтылған. Оған қоса, бұйрықта дәрінің Ақтөбе облысында бар үлгілері Дәрілік құралдарды сараптау ұлттық орталығына жіберілуі тиіс делінген. Сараптама 30 күн жүргізіледі. Еске сала кетейік , Ақтөбедегі №3 қалалық емханада қаралған төрт науқас әйелге дәрігер күндізгі стационарда медикаментозды ерітінділерді тамшылатып қабылдауға нұсқау берген. Ем қабылданғаннан кейін, бірнеше күннің ішінде, үш науқас 19-23 наурыз аралығында бірінен соң бірі о дүниеге аттанып кетті. Тағы бір зардап шегуші бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып шықты.