ҚР елшісі Б.Мұхамеджанов Латвия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Тапсыру салтанатынан кейін өткен әңгіме барысында, біздің елдің елшісі екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екендігін атап өтті, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Латвияның мемлекет басшысына және халқына сәлемін және ізгі тілектерін жеткізді. Үстіміздегі жылдың 3-4 маусымына жоспарланған Президент А.Берзиньштің Қазақстанға алғашқы ресми сапарын күтіп отырғанын атап айтты.
Өз кезегінде, Латвия Президенті Қазақстан басшысы Н.Назарбаевпен кездесуді үлкен ықыласпен күтетіндігін қуаттады және алдағы сапардың Қазақстан-Латвия қарым-қатынасының дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Екіжақты байланыстың жағдайын талқылау барысында тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту үшін, ең алдымен екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу қажет екендігін атап өтті. Латвияның транзитті әлеуеті мен көлік инфрақұрылымын тиімді пайдалану басым бағыт болып табылады. Латвия басшысы, сонымен қатар екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты жалғастыру қажет екендігін айтты.
Сонымен қатар, Ригада Қазақстан елшісінің Латвия Сеймінің вице-спикері Андрейс Клементьевспен, Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Андрейс Пильдеговичпен кездесулері өтті. Латвия саясаткерлері ресми Рига Қазақстанды перспективті саяси және экономикалық серіктес, Орталық Азия аймағының көшбасшысы ретінде қарастырып отырғанын айтты.
2015 жылдың бірінші жартысында Латвия Еуроодақта төрағалық етеді. Төрағалық кезінде Орталық Азия мен Шығыс елдері серіктестері арасындағы қарым-қатынасқа басымдық берілмек.
Б. Мұхамеджанов БҰҰ, ЕҚЫҰ шеңберіндегі Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына, сонымен бірге, Дүниежүзілік сауда ұйымына өту барысында Латвия тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді.