ҚР Елшісі Е.Өтембаев Польша Президентіне сенім грамотасын тапсырды

None
None
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Варшавадағы Бельведер сарайында ҚР-ның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев маусымның 29-да Польша Президенті Бронислав Коморовскийге сенім грамотасын тапсырды.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты рәсімнен кейін өткізілген мазмұнды сұхбат барысында поляк мемлекетінің басшысы саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтудің келешегі молдығына көңіл аударды. Коморовский Қазақстанның Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға елеулі үлесін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Варшава Қазақстанды еуразиялық кеңістіктегі маңызды серіктесі және поляк инвестициялары үшін тартымды нарық ретінде қарастыруда. Сонымен қатар Президент қилы заманда жер аударылған поляктармен бір үзім нанын бөліп жеген, баспанасымен бөліскен қазақтардың қолдауы туралы асыл зерде ретінде ынтымақтастықтың жағдайы жайлы екенін атап өтті.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстардың, энергетикалық  және көлік-транзиттік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіншілігі мен әлеуетіне назар аударды. Елші Е.Өтембаев технологиялар трансферті бойынша бірлескен жұмысқа, шағын және орта бизнесті қолдаудағы және жергілікті өзін-өзі басқарудағы поляк тәжірибесіне деген Қазақстандағы қызығушылықты атап өтті. Дипломат сондай-ақ Президент Б.Коморовскийді Қазақстанның Кеден Одағындағы мүшелігі мен Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру арқылы жасалған тиімді жағдайлар жөнінде хабардар етті. Еліміз поляк компаниялары үшін Орталық Азияға «қақпа», ал Польша - Қазақстанның еуропалық нарықтарға шығуына жол бола алады. Бұл тұрғыда ҚР мен ЕО кеңейтілген ынтымақтастығы жөніндегі жаңа Келісімді дайындаудағы поляк қолдауының маңызы ерекше атап өтілді.

Жалпы тараптар қазақ-поляк ынтымақтастығының әртүрлі бағыттарда белсендірілу керектігін растады.

 Еске ала кетсек, Қазақстан мен Польша дипломатиялық қатынастарды 1992  жылдың 6 сәуірінде орнатты. Жиырма жыл бойы жоғары деңгейде төрт кездесу өткізілді. Қазақстан Президенті Польшаға 1997 және 2002 жылдары ресми сапар жасады, Польша Президенті Қазақстанға 1999 және 2007 жылдары ресми сапармен келді. Өткен жылдың қорытындылары бойынша  тауар айналымы  1,8 млрд. АҚШ долларына жетіп, 2008 жылдан бері екі еседен астам өсті.

Соңғы жаңалықтар