ҚР ҒБМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті болып Ғ. Нығметов тағайындалды
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР ҒБМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық степендиясының түлегі Ғани Нығметов тағайындалды.
Жаңа басшыны ұжым алдында таныстырған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бүгінгі күні Орталық алдына аса маңызды міндеттер қойылып отырғандығын, солардың бірі Қазақстан басқару элитасының болашақ буынын тәрбиелеу екендігін атап өтті.
Өз кезегінде, Ғ. Нығметов министрлік басшысына көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, белгіленген еңбек межесін жүзеге асыруға кәсіптік шеберлікпен кірісетіндігі жөнінде уәде берді.
Ғани Нығметов 2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша үздік белгімен тәмамдады, 2007 жылы Монтерей халықаралық зерттеу институтын (АҚШ) мемлекеттік басқару магистрі дәрежесі бойынша бітіріп шықты. Назарбаев Университеті базасында Дьюк Университетін (АҚШ) қоса Executive MBA бағдарламасы бойынша білім алуда.
Машықтану курстарын БҰҰ Даму бағдарламасында (Нью Йорк қ-сы, АҚШ), Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Басқару мектебінде (АҚШ), Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінінің Executive Education бағдарламасы бойынша (Сингапур), Еуропалық колледжде (Бельгия), Колумбия университетінде (АҚШ) өтті.
2007-2009 жылдары Ғ. Нығметов «ҚР Үкіметі және Ұлттық Банкі жанындағы Ұлттық талдау орталығы» АҚ әкімшілік реформасы мәселелері бойынша сарапшы-талдаушы, мемлекеттік басқару департеманті жобасынының менеджері болып қызмет атқарды.
2009-2011 жылдары «Назарбаев Университеті» АҚ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып істеді. 2011-2012 жылдары Назарбаев Университетінің Энергетикалық зерттеулер орталығы бас директорының даму жөніндегі орынбасары-ғылым жөніндегі орталық кеңсесінің директоры лауазымдарында болды.
Соңғы тағайындауға дейін Ғани Нығметов Назарбаев Университетінің ғылыми және инновациялық қолдау мәселелері жөніндегі еншілес ұйымы, Nazarbayev University Research and Innovation System (NURIS) бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры қызметін атқарды.