Тестілеу орталығы ҰБТ-ға дайындау бойынша тегін онлайн-сабақтар бастады

Онлайн сабақтар ірі республикалық білім беру орталықтарымен бірлесіп әзірленді. Сабақтар білім беру орталықтарының YouTube арналарында және Instagram парақшаларында тікелей эфирде өткізіледі. Онлайн сабақтардың барлық эфирі талапкерлер кез-келген уақытта көре алуы үшін сақталады.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Түлектердің ҰБТ-ға дайындығын Ұлттық тестілеу орталығы білім беру орталықтарымен бірлесіп, төртінші жыл өткізіп отыр. Өткен жылы 600-ге жуық сағат онлайн сабақтар өткізілді. Оған еліміздің барлық өңірлерінің мектеп түлектері қатысып, ҰБТ пәндері бойынша дайындықтан өтті. Биыл 20-дан астам орталық сабақ беретін болады. Жоба бюджет қаражатын жұмсамай іске асырылғанын атап өткім келеді», - деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.