ҚР ІІМ бас бостандығы шектеулі тұлғаларды қадағалауға арналған электронды білезік құнын әлі нақтылаған жоқ
«Электронды білезіктерге қатысты айтар болсам, қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінде жұмыс тобы құрылып, инвестициялық ұсыныс әзірлеуде. Аталған ұсыныс министрлікте, қызметтер арасында келісімнен өтуде. Ал оның құны туралы әзірше айта алмаймыз», - деді Ж.Кешубаев.
Оның атап өтуінше, электронды білезік жасау - кешенді жұмыс. Оның құны инвестициялық ұсыныс толық әзірленгеннен кейін ғана белгілі болады. Қазіргі уақытта министрлік ұсныстарын экономикалық сараптама жасау үшін еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне берген.
«Оның экономикалық тиімділігіне қатысты айтар болсам, бұл - әлемдік тәжірибе. Сотталушыларды қоршау ішінде күзетіп, оларға қызмет көрсету, бақылаудан гөрі оларды үйінде мониторинг арқылы қадағалаған тиімді. Бір адам мәселен, бүкіл облысқа қызмет көрсетіп, барлық қозғалысты бақылап отыра алады», - деді комитет төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, Қазақстанда бас бостандығы шектеулі түрде жазасын өтеуші тұлғаларды, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі инспекциясының тіркеуінде тұрғандарды қадағалауды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын «электронды білезіктер» деп аталатын ізге түсудің электронды құралын енгізу жоспарланып отыр. Бұл аталған санаттағы тұлғаларға бақылауды күшейтуге, уақытылы олардың тұрған жерін анықтауға, жазасын өтеудің бекітілген тәртібінен жалтаруды тоқтатуға, сондай-ақ ескертуге мүмкіндік береді.