ҚР ІІМ интернетте браузерді бұғаттайтын алаяқтардан абай болуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Интернет желісі арқылы пайдаланушының браузерінің жұмысын шектейтін алаяқтар пайда болды.
«Интернет желісі арқылы таралатын алаяқтықтың кең таралған түрі - ол пайдаланушыны браузердің жұмысын бұғаттап тастайтын интернет-ресурстарға (Internet Explorer, Google Chrome, Mozilla Firefox, Opera және т.б.) бағыттау. Алаяқтар бағыттаған интернет-ресурсқа өткен кезде браузер бұғатталады. Осыдан кейін пайдаланушының порнографиялық контентті көшіріп, сақтауына байланысты заңды бұзғандығын хабарлайтын Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының атынан мәтін пайда болады.
Бұғатты алып тастау үшін вирус төлем терминалы арқылы 10-15 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуді талап етеді. Оны төлемеген жағдайда іс материалы прокуратураға жолданып, порнографиялық мазмұнды көшіріп, сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны жөнінде жазылады. Есіңізде болсын, мемлекеттік орган азаматтардың компьютерлерін (немесе смартфондарын) бұғаттамайды. Таратылған хабарламаға ІІМ-нің қатысы жоқ»,-деп атап өтілген ҚР ІІМ баспасөз қызметі
ҚР ІІМ мамандарының атап өтуінше, бұл жағдайда төлем жасамау керек, егер төлем жасалса, терминалдың түбіртегін сақтап қойып, полицияға шағымдану қажет және түбіртекті арызға қоса ұсынылады.
«Бопсалаудың осындай фактілеріне тап болсаңыз аз уақыт ішінде ішкі істер органдарына шағымданыңыз. Интернет-алаяқтары сенгіш адамдарды құрығына түсіруге тырысады. Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмас үшін нені білу қажет: компьютерде (немесе смартфонда) күмән тудыратын бағдарламаларды қоспаңыз немесе күмән тудыратын мазмұндағы ресурстарға кірмеңіз (оның ішінде жарнамалық баннерлер және көшпелі терезешелер)»,- делінген ақпаратта.