ҚР ІІМ: Қазақстанда сотталғандар азайғанмен, қылмыс саны кемімей тұр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтанда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қатысуымен «Ашық диалог - пенитенциарлық жүйені реформалау құралы» атты форум өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шара Орталық Азиядағы халықаралық түрме реформасы (PRI) өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Оған Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық бақылау комиссияларының, ұлттық алдын алу тетігінің мүшелері шақырылған.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаевтың айтуынша, елімізде 25 мың адам түзету мекемелерінде отырса, 35 мың адам қылмыстық атқару есебінде тұр.
«Республика аумағында қылмыс саны бір деңгейде. Ал бас бостандығынан айырылғандар саны жыл сайын азаюда. Өйткені, елдегі заңнама қылмыстық атқарудың балама жолдарын қолдануға мүмкіндік беріп отыр» - дейді Мейрам Аюбаев.
Ашық диалог форматында алғаш рет өтіп жатқан форумда адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, сотталғандарды ұстау шарттары, қылмыстық атқару жүйесін халықаралық стандарттарға жақындату мәселелері қаралады.