ҚР ІІМ: Қазақстанның 1200-ден астам азаматына халықаралық іздеу жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 1200-ден астам азаматына халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы ҚазАқпараттың ресми сауалына жауап берген ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев мәлім етті.

ҚР ІІМ: Қазақстанның 1200-ден астам азаматына халықаралық іздеу жарияланды

«Қазіргі уақытта халықаралық іздеуде жүрген 1200-ден астам адам бар. 2013 жыл мен 2016 жылдың 7 айы аралығында Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары іздеу салған 646 адам іздеп табылды. Оның ішінде 400-ге жуығы Ресейде, 90-ға жуығы Өзбекстанда, 60-тан астам Қырғызстанда, 20-сы Әзербайжанда ұсталды», - деді А.Сәдубаев.

Сонымен қатар ол қазақстандық полицейлер өз елінде қылмыс жасап, қазақ елінде бой тасалап жүрген 1400-ден астам шетелдік азаматты ұстағандығын атап өтті.

«Оның ішінде 700-ден астамы Ресейдің, 500-ден астамы Өзбекстанның, 80-і Қырғызстанның  азаматы және әзербайжандықтар да бар», - деді ол.