ҚР ІІМ қызметтерінің 95% автоматтандырылды – Нұрділдә Ораз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Автокөлікті тіркеу, жеке басты куәландыратын құжаттар мен жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметтері ең көп сұранысқа ие. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрлігінің Facebook парақшасында өткен тікелей эфирде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ қызметтерінің 95% автоматтандырылды – Нұрділдә Ораз

«Цифрландыру мәселесі жұмыс тиімділігін арттырып, процестерді жеңілдетеді және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді қысқа мерзімде орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қызметкерлердің тұрғындармен тікелей байланысқа түсуіне жол бермейді. Осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», - дейді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Оның айтуынша, бүгінгі күні ішкі істер органдары азаматтарға көрсететін 40 қызметтің 38-і (95%) автоматтандырылған.

«Оның ішінде автокөлікті тіркеу, жеке басты куәландыратын құжаттар мен жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметтері ең көп сұранысқа ие.

ІІМ жүйесіндегі тіркеу-емтихан бөліністері таратылды. Енді автокөліктерді есептен шығару және тіркеу, мемлекеттік нөмір белгісін таңдау және дайын құжаттарды жеткізуге тапсырыс беруді қашықтықтан жүзеге асыруға болады, ІІМ базалары бойынша барлық тексерулер автоматтандырылған», - дейді ол.