ҚР ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Жасұлан Жұманалин әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімше құрылды. Өткен жылдан бастап мұндай лауазымдар әрбір аудандық полиция бөлімшесінде енгізілді.

«Бұл қызметкерлер өтініштерді қабылдайды, жәбірленушілерге құқықтық және психологиялық көмек көрсетеді, дағдарыс орталықтарымен және үкіметтік емес ұйымдармен белсенді жұмыс істейді. Оған қоса, барлық полиция департаменттерінде тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылды, олардың құрамына 280 әйел-тергеуші кірді. Әйел тергеушілердің қылмыстық істерді тергеуі сенім факторын қолдануға және тергеу әрекеттерін сапалы жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Ж. Жұманалин министрлік ұйымдастырған онлайн брифингте.

Сонымен бірге, министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту бойынша заңнамалық түзетулер әзірледі.

«Тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптар күшейтіледі. Біз тек сотта татуласуға мүмкіндік беруді ұсынамыз. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік қатаңдайды. ӘҚБтК шеңберінде қайта қылмыс жасағаны үшін әкімшілік қамауға алу мерзімдерін ұлғайту ұсынылады», - деді спикер.

Оған қоса, денсаулыққа зиян келтіруге байланысты қылмыстар құрамына «отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы адамға қатысты» біліктілік белгісін енгізу көзделген.


Соңғы жаңалықтар
telegram